Атырауда бекіре балықтарының табиғи қорын толықтыру жұмыстары жүргізілуде

Атырауда бекіре балықтарының табиғи қорын толықтыру жұмыстары жүргізілуде

Атырау бекіре балық өсіру зауытында қорытпа, орыс бекіресі, шоқыр, пілмай және сүйрік балықтары өсірілуде. Қазір мамандар аналық балықтардан уылдырық алып, инкубация процесін іске асыруда,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Технологиялық процесс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен уылдырық ұрықтандырылып, 40–45 минутқа созылатын желімсіздендіру өңдеуінен өтеді. Одан соң арнайы инкубациялық аппараттарға орналастырылады.

Су температурасы 14°C болған жағдайда уылдырық шамамен бір аптада дамып, дернәсілдер пайда болады. Дернәсілдер 7–10 күн бассейндерде өсіріліп, кейін 30–45 күн бойы өсіру тоғандарында жетілдіріледі. Осы кезеңде олар шамамен 3 грамм салмақ жинайды.

Шаруашылықтың бас балық өсірушісі Жұпар Өтеулиева атап өткендей, кәсіпорындағы аналық-толықтыру үйірінде мыңнан астам балық бар. Мұндағы аналық балықтар судан ауланып әкелініп, бірнеше жылдар бойы қолдан өсіріледі. Қазір олар екінші-үшінші рет уылдырық беріп отыр.

Кейін жас балықтар табиғи ортаға — Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жіберіледі.

Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — бекіре тұқымдас балықтардың табиғи қорын сақтау және санын көбейту.