
Атырау қаласында «Өрлеу» ЖК заманауи құлпынай агрокешені іске қосылды. Жылыжайда жаз бойы үздіксіз өнім беретін «Альбион», «Мурано», «Кабрилло» сынды ремонтантты сұрыптарға жататын 2000 түп құлпынай өсірілуде, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоба «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Кәсіпкердің айтуынша, жылыжай жұмысы алғашында небәрі 200 түптен басталып, бүгінде толық қуатында өнім беріп отыр.
– Алғашында тәжірибе ретінде шағын көлемде отырғыздық. Қазіргі нәтижеге көңіліміз толады. Ендігі жоспарымыз – жылыжайды кеңейтіп, көшеттер санын 4000 түпке жеткізу. Өнімімізді әлеуметтік желілер арқылы тұрақты тапсырыс берушілерге ұсынып келеміз, – дейді кәсіпкер Қуаныш Якудин.
Айта кетейік, жергілікті жерде өсірілген балғын құлпынайға сұраныс артып келеді. Мұндай жобалар өңірде агробизнес саласының дамуына тың серпін беріп, тұрғындарды сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.