
Атырау облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттану көрсеткіші төмендеген. 2025 жылдың 1 қазаны мен 2026 жылдың 2 сәуірі аралығындағы эпидемиологиялық маусымда 109 мың адам ЖРВИ жұқтырған. Оның ішінде 72 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мамандардың мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға азайған. Былтыр дәл осы уақытта шамамен 140 мың жағдай тіркелген.
Тұмау бойынша да оң динамика байқалады. Биыл эпидемиологиялық маусымда А типті тұмаумен 79 адам сырқаттанса, өткен маусымда жалпы 117 жағдай тіркеліп, оның ішінде 73 адам А типімен, 44 адам В типімен ауырған.
Сала мамандары тұрғындарға аурудың алдын алу шараларын сақтаудың маңызын ескертеді.
— Қолды жиі жуу, адам көп жиналатын орындарда маска тағу, бөлмені жүйелі түрде желдету және дұрыс тамақтану қажет. Сонымен қатар вакцинация тұмау мен ЖРВИ-дің ауыр түрлерінің алдын алып, асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді. Суық тию белгілері байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, дәрігерге жүгінген дұрыс, — деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айкөркем Нұрғалиева.