Атырауда 352 жас маман тұрақты жұмысқа орналасты

Атырауда 352 жас маман тұрақты жұмысқа орналасты

Атырауда 352 жас маман тұрақты жұмысқа орналасты. Көпшілігі мансап жолына алғашқы қадамды «Жастар тәжірибесі» бағдарламасынан бастаған. Олардың қатарында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті түлегі Гүлнұр Табылды да бар. Ол «Есеп және аудит» мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, еңбек мобильділігі орталығына жүгінген.

– Қазір қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде есепші болып жұмыс істеймін. Мекемемен келісімшарт жасалған, яғни бір жыл осы жерде еңбек етемін. Жұмыс берушінің көбі тәжірибені талап етеді. Ал оқу орнын жаңа бітірген түлекте ол қайдан болсын?! Сондықтан бұл бағдарлама жас мамандар үшін өте маңызды, – дейді Г. Табылды.

Атырау облыстық еңбек мобильділігі орталығының басшысы Мереке Ескалиевтің айтуынша, былтыр бағдарлама аясында 1 356 адам жұмысқа орналастырылған. Оның 859-ы келісімшарт мерзімін толық аяқтап, 352 қатысушы биыл тұрақты жұмыс тапқан.

– Жас мамандар көбіне өндіріс саласына орналасады, ал заңгер мамандығын алған түлектер құқық қорғау және мемлекеттік органдарға, соның ішінде сот пен прокуратураға барады, – деді ол.

Бағдарламаға қатысушылар жұмысқа бір жыл мерзімге жіберіледі, ал олардың еңбекақысы мемлекет есебінен төленеді. Бұл жастардың еңбек нарығына бейімделуіне ғана емес, мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.