Атырау облысында 14 жаңа дәрігерлік амбулатория салынады

Атырау облысында 14 жаңа дәрігерлік амбулатория салынады

Биыл Атырау қаласы мен шалғай елді мекендерде бірқатар медициналық нысандардың құрылысы жоспарланып отыр. Қазір жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау қаласына қарасты Сарыөзек, Бірлік және Тасқала ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Сонымен қатар Құрманғазы ауданындағы Жұмекен, Жыланды, Үштаған, Сафон және Бірлік ауылдарында, Жылыой ауданындағы Тұрғызба ауылында жаңа нысандар бой көтермек.

Бұдан бөлек, Құлсары қаласының Теміржолшылар, Оңтүстік Аэропорт және Болашақ шағынаудандарында төрт амбулаторияның құрылысы жоспарланған.

Сондай-ақ Қызылқоға ауданындағы Тасшағыл және Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылдарында бір-бірден дәрігерлік амбулатория салынбақ.

— Аталған жобалар өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, ауылдық және қалалық жерлерде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы Қайсар Абдалиев.