
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қаланың оң жағалауындағы Береке ауылында орналасқан №5 сүзгі станциясының қызметімен танысты.
Нысан 2008 жылы салына бастағанымен, кейін құрылыс тұралап қалған. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жоба қайта жанданып, станция араға 18 жыл салынып пайдалануға берілді.
Бүгінде су Жайық өзенінен бірінші көтерілімдегі жағалық және қалқымалы сорғы станциялары арқылы алынады. Технологиялық үдеріс тұндыру, сүзу және сол жерде ас тұзынан өндірілетін натрий гипохлоритімен залалсыздандыру кезеңдерінен тұрады. Тиімділікті арттыру мақсатында шайынды суды қайта қолдану жүйесі де қарастырылған. Станцияның қуаты — тәулігіне 50 мың текше метр.
Сүзгі станциясы Атырау қаласының оң жағалау бөлігін ауыз сумен толықтай қамтамасыз етіп, су қысымы төмен бірнеше шағынауданның мәселесін оңынан шешуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, нысанның іске қосылуы перспективалық дамуға сай тәулігіне 20 мың текше метр көлемінде қосымша резервтік қуат қалыптастырды.
Аймақ басшысы сумен жабдықтау жүйесін одан әрі нығайту қажеттігін атап айтты. Жекелей алғанда, Бірінші учаскедегі 1939 жылы салынған су көтеру станциясын қайта жаңғыртуға тапсырма берілді. Жаңа нысан тәулігіне 60 мың текше метрге дейін су тазартып, ауыз су беру көлемін арттыруға және жүйедегі қысымды жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ биыл Талғайран ауылында қуаты тәулігіне 30 мың текше метр, Еркінқалада – 5 мың, ал Дамбыда 3 мың текше метрлік жаңа сүзгі станцияларының құрылысы басталады деп жоспарланған. Бұл жобалар өңірдің сумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыра түспек.
– Мейлі қай нүктеден алынса да, біз Жайық өзенінің суын пайдаланамыз. Сондықтан резерв мүмкіндігін қарастыру маңызды. Бір учаске бұзылса, жүйе оның орнын келесі көздердің көмегімен толықтырып отыруы керек, – деді Серік Шәпкенов.
Аймақта сумен жабдықтау жүйесін автоматтандыру және цифрландыру жобасы да іске асырылып жатыр. Осы жұмыстардың шеңберінде 56 қысымды арттыруға арналған сорғы станциясына деректерді жіберу құрылғысы орнатылып, көпқабатты тұрғын үйлерде 1 240 жалпы су есептегіш құралын қондырылмақ. Бұл қысымды нақты уақыт режимінде бақылауға, апат бола қалған жағдайда жедел әрекет етуге, су тұтынуды қадағалауға және шығын себептерін анықтауға мүмкіндік береді.