
Атырауда аға буынға жайлы әрі белсенді орта құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның жалғасы ретінде аймақ басшысы Серік Шәпкенов Алмагүл ықшамауданында ашылған “Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы” КММ-нің жаңа бөлімшесіне арнайы барды.
Алғашқы нысан 2023 жылғы қазанда Балықшы ықшамауданында ашылып, қысқа уақытта егде жастағылардың сүйікті орнына айналып үлгерді. Ол бүгінде 1200-ден астам адамды біріктірсе, жаңа бөлімшеге қазірдің өзінде шамамен 300-дей зейнеткер келіп жүр.
Облыс әкімі мекеменің жоғары деңгейде жабдықталғанын атап өтті. Мұнда заманауи үлгідегі жаттығу залдары, сондай-ақ қолөнер, вокал, би, шахмат, тоғызқұмалақ, йога, жүзу және атпен серуендеу бағытындағы үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар психолог пен заңгер кеңесін алуға да болады.
Облыс әкімі өз сөзінде мәдениет үйлерінің жанынан, соның ішінде Ақсай, Ақжар, Еркінқала, Қызылбалық, Кеңөзек және Алмалы ауылдық округтерінде кезең-кезеңімен осындай орталықтар ашуды тапсырды.
Бұл орталықтың атқаратын маңызды әлеуметтік міндеті бар. Ол — үйде қызмет көрсету. Бұл көмек түрін 218 адам алады, олардың қатарында жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар бар.