Атырауда екі жаңа заманауи мектептің құрылысы басталды

Атырауда екі жаңа заманауи мектептің құрылысы басталды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Ы. Алтынсарин атындағы 11-інші орта мектеп пен дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын 30-ыншы мектеп-гимназияның құрылыс жобаларымен танысты.

Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп 1963 жылы ашылған. Тарихы бай білім ордасы бүгінде апатты деп танылып, оның орнына 1500 шәкіртке шақталған төрт қабатты заманауи ғимараттың құрылысы басталды. Жоба EPC-келісімшарт бойынша жүзеге асырылуда, бұл мердігердің жобалаудан бастап дайын нысанды тапсыруға дейінгі жауапкершілігінің толық циклін қамтиды. Құрылыс жұмыстарын “Әлем құрылыс” ЖШС жүргізуде.

Жаңа мектеп “Келешек мектептері” стандарты бойынша салынып, заманауи талаптарға толық сай болады. Онда бейнебақылау жүйесі, кең асхана, акт және спорт залдары, лингафон-компьютер кабинеті, STEM-зертхана, робототехника және хореография кабинеттері қарастырылған. Жайлы орта қалыптастыруға да айрықша көңіл бөлінген: демалыс аймақтары мен коворкинг кеңістіктері білім беру үдерісінің бір бөлшегі болмақ.

Облыс әкімі құрылыстың сапасы мен жұмысты уақытында аяқтаудың маңызын атап өтіп, бақылауды күшейтуді және бұған жергілікті тұрғындарды тартуды тапсырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы Н. Тілендиев көшесінде орналасқан 30-ыншы мектеп-гимназияның құрылыс алаңында болды. Жоба жетекшісі Елнұр Закировтың айтуынша, құрылысқа шамамен 300-дей жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылады. Қолданыстағы ғимарат апатты деп танылған, сол себепті таяу арада сүріледі.

Облыс әкімі өз сөзінде жаңа мектептер салумен қатар олардың тарихы мен білім беру сапасын сақтаудың маңызды екенін атап айтты.

•⁠ ⁠Ата-аналар мен тұрғындардың мектепті жөндеу мүмкіндігін қарастыру жөніндегі ұсынысын оқыдым. Алайда бұл ғимарат апатты деп танылды, демек бұзылады. Біз балалардың өміріне төнген болмашы қауіптің өзін елеусіз қалдырмай, шешім шығарарда олардың қауіпсіздігін бірінші кезекке қоюға міндеттіміз. Жер телімінің тұрғын үй кешенін салуға берілетіні туралы әңгіме шындыққа жанаспайды. Бұл жерде 1500 орындық жаңа мектеп салынады. Айта кететін жайт, екі мектептің де атауы, басшылары және педагогикалық ұжымы өзгермейді. Біз үшін басты міндет — білім сапасын сақтау, өйткені мектеп — инфрақұрылым ғана емес, ең алдымен ұстаздар, дәстүр және оның тарихы, — деді облыс әкімі.

Екі нысанды да келесі жылы пайдалануға беру көзделген.