Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов еңбек ардагері Нұрпейіс Мақашевты 80 жас мерейтойымен құттықтады

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов еңбек ардагері Нұрпейіс Мақашевты 80 жас мерейтойымен құттықтады

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов еңбек ардагері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Нұрпейіс Мақашевты 80 жасқа толуымен құттықтады.

Іс-шараға қоғам қайраткері Мәдина Ғабдысәлімова, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов және басқарма басшылары қатысты.

Мерейгер жарты ғасырдан астам өмірін Атырау облысының дамуына арнады. Еңбек жолын құрылыс саласынан бастап, шеберден бас инженер, трест басшысына дейінгі сатылардан өтті. Қызмет барысында қала, ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бой көтеруіне белсенді атсалысты.

Нұрпейіс Мақашұлы Гурьев қалалық кеңесінің төрағасы, Атырау облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде абыройлы қызмет атқарып, мұнай-газ саласында басшылық лауазымдарда еңбек етті.

•⁠ ⁠Сіз Гурьев қаласының атауын Атырау деп өзгертуге қатысты маңызды істің басы-қасында болдыңыз. Ұзақ жыл өңірдің дамуы жолында аянбай тер төгіп, аймақтың экономикалық және әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Еңбек жолыңыз бен қызметке адалдығыңыз — жас буынға үлгі-өнеге. Сізге айрықша алғыс айта отырып, ұзақ ғұмыр тілеймін, - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Өңір басшысы іс-шара кезінде Мәдина Ғабдысәлімованы да 91 жасқа толуымен құттықтап, аға буынға құрметтің маңызын айрықша атап өтті.