
Атырауда “Заң мен тәртіп —қауіпсіз балалық шақ кепілі” тақырыбында жиын өтіп, мектептердегі қауіпсіздік және балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі қаралды. Іс-шара ашық диалог форматында жүргізілді.
Отырысқа облыс әкімі Серік Шәпкенов, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев және білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Аймақ басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі керегін және өскелең ұрпақты қорғау мәселесінің негізгі басымдықтардың бірі екенін атап айтты. Облыс әкімі осы орайда балалардың құқығын қорғау жөнінде өз алдына бөлек басқарма құруды тапсырды.
– Біз білім беру саласындағы қордаланған мәселелер жайында ашық әңгіме өрбітуге жиналып отырмыз. Мектепте болып жатқан жағдайларға бәріміз бірдей жауапты болғандықтан, педагогтер, оқушылар мен ата-аналар және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың нақты алгоритмін әзірлеп, осы бағытта жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Барлық тарап күш біріктіргенде ғана қауіпсіз әрі қолдаушы білім беру ортасын қалыптастыра аламыз. Сол себепті балалар құқығын қорғау басқармасын ашу қажет. Ол жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіріп, құқық бұзылған жағдайда жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді, алдын алу шараларын күшейтеді және балаларға мейлі мектепте, мейлі одан тыс жерде де қауіпсіз орта қалыптастырады, – деді Серік Шәпкенов.
Жиында оқу орындарындағы тәртіп мәселелері, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың себептері мен оның алдын алу жолдары қаралды.
– Білім ордаларындағы тәртіпті қамтамасыз ету мен қауіпсіз орта қалыптастыру —негізгі міндеттердің бірі. Бұл бағытта барлық жауапты орган құқық қорғау құрылымдарымен тығыз байланыста, нәтижеге жұмыс істеуі керек, — деді О. Бекеев.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайын білім басқармасының басшысы Марат Әбуов баяндады. Оның сөзінше, 2026 жылғы алғашқы екі айда оқу орындарындағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық саны былтырғымен салыстырғанда 22-ден 14-ке түскен.
Жиын одан әрі қарай ашық микрофон форматында жалғасты. Білім беру мекемелерінің басшылары мәселелерді ортаға салып, оларды шешу жолдарын ұсынды. Олардың айтуынша, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін күшейту, жасөспірімдердің әрекетіне отбасының жауапкершілігін арттыру бойынша шаралар қарастырылуы шарт. Сөз алғандар үйірмелер мен қоғамдық жұмыстарды дамыта түсудің, мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің және балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызын атап өтті.
Серік Шәпкенов жиынды қорытындылап, ауылдарда үйірмелер мен секцияларды дамытуға айрықша назар аударуды, осылайша қала мен ауыл балаларына тең мүмкіндік беру керегін айтты. Бұған қоса, білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында заманауи технологияларды енгізу және оқу орындары мен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимыл алгоритмін әзірлеу көзделіп отыр.