
Атырау қаласында жол қозғалысын цифрлық бақылау күшейтілді. 12 наурыздан бастап қалада көлік ағындарын басқарудың интеллектуалды жүйесінің мүмкіндіктері, соның ішінде «ақылды» бағдаршамдар мен бейнебақылау камералары белсенді түрде қолданылып жатыр. Қазіргі жол қозғалысын 78 ақылды бағдаршам бақылайды. Оның 73-і – жол қиылыстарында, ал 5-еуі жаяу жүргіншілер өткелдерінде орналасқан, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижанның айтуынша, жүйе кезең-кезеңімен енгізілуде. Ең алдымен көлік ағыны көп негізгі көшелер мен ірі жол қиылыстары қамтылады.
– «Ақылды» бағдаршамдардың басты ерекшелігі – жасанды интеллект элементтеріне негізделген. Көлік ағынын датчиктер реттеп, жол ережесін бұзу деректерін бейнебақылау камералары анықтайды. Соның арқасында бағдаршамдар жолдағы нақты жағдайға бейімделіп, сигналдардың ұзақтығын басқара алады. Бұл жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Е. Қалижан.
Сонымен қатар арнайы қызмет көліктерінің өтуіне ерекше назар аударылған. Қажет болған жағдайда ақылды жүйе бағдаршамның фазаларын жедел өзгертіп, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі және полиция көліктерінің ұзақ бөгелмеуіне жағдай жасайды.
Жоба аясында Атырау қаласында жалпы саны 600-ден астам бағдаршам орнату жоспарланып отыр. Қазір көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын тиімді реттеу үшін жүйеге 160 мыңнан астам дерек енгізілген.