Атырауда Наурызнама онкүндігінің межесі — Тазару күні аясында “Таза жағалау” сенбілігі өтті.
Экологиялық акцияның негізгі алаңы ретінде Атырау ықшамауданындағы Жайық өзенінің жағалауы белгіленді. Сенбілікке Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ қала тұрғындары, мемлекеттік органдардың өкілдері, 50-ден астам кәсіпорын мен ұйым қызметкерлері қатысты. Жұмысқа арнайы техника жұмылдырылды.
Акцияға жиналғандар аумақты тұрмыстық қалдықтардан, балық аулары, автокөлік шиналары және басқа да қоқыстардан арылтып, кешенді тазалық жұмысын жүргізді.
Сенбілік кезінде Атырау ықшамауданының өзінде шамамен 40 тоннадай қоқыс жиналды.
Мұндай іс-шаралар экология мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарды қоршаған ортаға қамқор болуға шақыру және қаланың санитарлық ахуалына деген азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатын көздейді.
Тазару күні шеңберіндегі сенбіліктер Атырау облысының барлық ауданында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.