
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Махамбет ауданында болып, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарды аралады.
Өңір басшысы аквамәдениет бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатқан бірқатар нысанда болды. Балық өсіру — Атырау облысында ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттарының бірі екені айтылды. Мұның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, жаңа жұмыс орындарын ашудағы, сондай-ақ ауыл-аймақтағы кәсіпкерлікті қолдауда маңызы зор.
Әкім ат басын тіреген нысанның бірі — Досан Рахметовтың шаруашылығы (Ақжайық ауылдық округі). Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тоғандар мен жабық бассейн дайын тұр. Шаруашылықта алдағы уақытта жылына 40 тоннаға дейін балық өсіріледі деп жоспарланған.
Келесі нысан — Нұрлан Дәулетқалиевтің шаруашылығы (Ақжайық ауылдық округі). Қазір мұнда іске қосуға дайындық жүріп жатыр: құжаттар рәсімделіп, жабдықтар мен инфрақұрылым дайын. Нысанды биылғы көктемде іске қосу көзделген. Содан кейін тоғандарға балық жіберіліп, тұқы өсіру қолға алынады. Жоспардағы көлем — жылына 25 тоннаға дейін.
Ал “Parasat and Partners” шаруашылығы (Есбол ауылдық округі) — аумағы 50 гектарды алып жатқан ауқымды жоба. Мұнда тоғандар дайындалып, инфрақұрылым желілері тартылуда. Жобаны 2026 жылы іске қосу көзделген, мұнда жоспар бойынша жылына 100 тоннаға дейін балық өндірілмек.
Бұл бағыттағы тағы бір нысан — “Жұмағалиева Н.М” шаруа қожалығы (Ақжайық ауылы). Бүгінде шаруашылық іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынға жалпы ауданы 60 гектардан асатын тоғандары бар балық өсіруге арналған жеке аумақты қамтитын көлемді жер телімі тиесілі. Қажетті техникамен және құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Жылдық өндірістік қуаты 103 тонна шамасында .
Кәсіпкерлер аймақ басшысымен кездесу барысында жер телімдерін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу және қаржыландыру, сонымен қатар несиелеуге қатысты бірқатар сұрақ қойды.
Қойылған сауалдарға жүздесу барысында жан-жақты жауап берілді. Серік Шәпкенов тиісті мемлекеттік органдарға жобаны іске асырудың барлық кезеңінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді жүктеді.
Өңірде аквамәдениетті дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жекелей айтқанда, нысандарды (тоғандар, сумен жабдықтау жүйелері, қайта өңдеу және т.б.) құру мен кеңейтуге жұмсалған шығынның 25%-на дейін өтеуге болатын инвестициялық субсидия, жемге 30%-ға дейін және шабақтарға 50%-ға дейін операциялық субсидия алуға болады. Биылдан бастап су жеткізу қызметі бойынша тарифтің 60–85%-ына дейін субсидиялауға болады, бұл шаруашылықтар шығынын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.