
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес облыстың қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытып жүрген бір топ азаматқа мемлекеттік награда табыстады.
“Ерен еңбегі үшін” медалімен “AMANAT” партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев, “Bala Bee” балабақшасының меңгерушісі Айжан Сәрсембаева, “Атырау ПромВентиляция” ЖШС директоры Надежда Чигрина, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры Жанна Шаяхметова және “Ұрпақ” қолөнер академиясының директоры Дәмелі Ізбасқанова марапатталды.
Өңір басшысы салтанатты рәсім кезінде марапат иелеріне жылы лебізін білдіріп, олардың облыстың дамуына қосқан үлесін атап өтті. Серік Шәпкенов өз сөзінде республикалық референдумның маңызына да тоқталып, Әділетті Қазақстан құру жолында жасалған таңдаудың мәнін айрықша айтты.