Жолаушылар тасымалын дамыту және маршрут желісін кеңейту мәселелері қаралды

Жолаушылар тасымалын дамыту және маршрут желісін кеңейту мәселелері қаралды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен 2025 жылдың қорытындысы және 2026 жылға жоспарлар, сондай-ақ жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мен көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы мәселелер қаралған жиналыс өтті. Оған Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Атырау қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және мердігер ұйымдардан өкілдер қатысты.

Жиынды Қайрат Нұртаев ашып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру көбінесе көлік инфрақұрылымының дамуына байланысты екенін атап өтті.

- Тұрғындардың қауіпсіз, қолжетімді және сапалы көлік қызметіне деген сұранысы артып келеді. Сондықтан да қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру және тасымалдау сапасын жақсарту мәселесін өңірдегі басым бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз, - деп атап өтті Қ.Нұртаев.

Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста 91 маршрут қызмет етеді. Жолаушылар тасымалымен тұрақты айналысатын 12 ұйым болса, оның жетеуі — Атырау қаласында.

– Қалаішілік бағыттар 38 маршрутты қамтиды. Жоспар бойынша бұған 302 автобус керек болса, бізде нақты шыққаны — 226. Сонда 76 автобус желіде болмаған. Орындалу деңгейі — 74,8%. Көрсеткіш белгіленген талаптардан айтарлықтай төмен. Әлбетте, бұл жағдай тұрғындарға тікелей әсер етеді: қоғамдық көлік жетіспегендіктен халық аялдамаларда ұзақ күтуге мәжбүр, содан наразылық туады, – деді Ә. Оразғалиев.

Облыс әкімінің орынбасары мәселені жедел шешіп, автобустарды дер кезінде жаңарту керегін атап өтті.

Атырау қаласындағы жолаушылар тасымалын дамыту жөнінде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Аққұсов баяндама жасады. Оның сөзінше, маршрут желісін кеңейту мақсатында төрт жаңа бағыт ашу көзделген.

– Жаңа бағыттар “Самал” шағынауданындағы К7 тұрғын үй кешені мен СМП-163-ті, Балықшы мен “Жұлдыз” шағынауданын, Геолог пен Авангардты, Дамбы ауылдық округі мен Балықшыны байланыстырады, – деді Е. Аққұсов.

Қайрат Нұртаев жиын соңында жауапты мамандарға маршрут желісін жасақтау мен жетілдіруге айрықша назар аударуды, өзгерістерді талқылау үшін тұрғындармен кездесу өткізуді тапсырды. Бұл қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді, әрі халықтың ой-пікірін ескеруге мүмкіндік береді.