
Атырау облысында қала аумағын көгалдандыру және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Өңірде жыл аяғына дейін жалпы ауданы 9 гектардан астам екі жаңа экосаябақ ашылады деп жоспарланған.
Біріншісі Ә.Молдағұлова мен А. Пушкин көшелерінің аралығында салынады. Оның аумағы 4 гектарды құрайды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Ерболат Омаров жобаны әзірлеу кезінде қолайлы микроклимат қалыптастыруға және су-көгал инфрақұрылымына ерекше мән берілгенін атап өтті.
- Саябақта 1 363 декоративтік, жапырақты және қылқанжапырақты ағаш, гүлдейтін бұталар мен гүлзарлар отырғызылады. Бес субұрқақ, шезлонгтер, төрт орындық үстелдер, жаттығу құралдары, велосипед тұрағы және балаларға арналған ойын алаңдары қарастырылған. Композициялық мүсіндер мен шатырлар саябаққа сән бере түспек. Қоғамдық дәретхана мен полиция бекеті де болады, - деді Е. Омаров.
Екінші экосаябақ Атырау қаласындағы Нұрсая шағын ауданында ашылады. Парктің жалпы ауданы - 5,2 гектар. Жобада балаларға арналған ойын аймақтары, субұрқақтар, табиғат аясында демалуға арналған орындар қамтылған. Аумаққа 5 415 ағаш отырғызылып, 32 мың шаршы метрден астам жерге көгал төселеді.
Өңірде дендрологиялық саябақ салу да жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру үшін Геолог шағын ауданынан 6 гектар, Жайық өзенінің бойынан 20 гектар жер телімі белгіленген.