Биыл Атырау облысында 330 азаматқа өз ісін бастау үшін грант беріледі

Биыл Атырау облысында 330 азаматқа өз ісін бастау үшін грант беріледі

Биыл Атырау облысында 330 азаматқа өз кәсібін бастау үшін мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 230 жасқа жеңілдетілген микрокредит ұсынылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Жалпы өңірде биыл 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 15 мыңнан астамы – бос жұмыс орындары. Бұдан бөлек, екі мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, тағы екі мыңға жуық жас жастар практикасы арқылы жұмысқа орналастырылады.

Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 21 мың жұмыс орны ашылады. Оның шамамен 12 мыңы тұрақты, ал 9 мыңнан астамы уақытша жұмыс орындары.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, биылғы жылдың 1 наурызына дейін өңірде 1600-ден астам жұмыс орны құрылған.

— Сонымен қатар 15 мың адам кәсіптік бағдарлау шараларымен қамтылды. Мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы жұмыс орындары ашылуда. Жыл басынан бері қала және аудандық мансап орталықтарына жұмыс мәселесі бойынша 15 мыңнан астам адам жүгінді. Оның ішінде 6422 адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, 3348 адам жұмысқа орналастырылды, — деді ол.

Мансап орталықтарына жүгінгендердің 44,1 пайызын әйелдер, 32,8 пайызын жастар, ал 3,6 пайызын мүгедектігі бар азаматтар құрайды.