
Махамбет ауданы, Құрманғазы ауданы және Жылыой ауданында 2026–2028 жылдары балық шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Соның ішінде биыл Махамбет ауданында «А-Дана» шаруа қожалығының жылдық қуаттылығы 15 млн дана бекіре шабағын өсіруге арналған зауытының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жылдық өндірістік қуаты 130 тонна болатын тауарлы балық өсіру жобасын іске қосу көзделген, - деп Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазір өңірде 18 балық шаруашылығы субъектісіне 31 учаске бекітілген. Қосымша 27 учаске резервте тұр.
– Өткен жылы облыста 15 570 тонна балық ауланды. Оның 9 700 тоннасы өңделіп, 3 310 тоннаға жуығы Ресей, Әзірбайжан, Украина, Грузия және Германияға экспортталды. Сонымен қатар тауарлы балық өсіру бағыты да қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірдегі 5 балық өсіру мекемесінің барлығы Атырау қаласында шоғырланған. Бұл өндіріс пен экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Бекзат Сәрсенғали.
Балық шаруашылығы кәсіпорындары Жайық пен Қиғаш өзені бойында, Қиғаш өзенінің сағалық кеңістігінде, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік-шығыс бөлігінде балық аулайды.