
Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов аймақтың дамуына үлес қосып жүрген қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
— Қазақ халқында «Жұмақ – ананың табанының астында» деген дана сөз бар. Ата-бабамыз әлімсақтан әйелзатын ардақтап, ананы айрықша қадір тұтуға тәрбиеледі. Өмірлік құндылықтар аналардан сіңеді, білім мен адамгершілік қағидалары ананың ақылымен дарып, болашақтың іргесі қаланады.
Еліміздің тарихындағы қиын-қыстау кезеңдерде қазақ әйелдері ерлермен бірге батылдық пен жанқиярлық танытты. Отанға деген адалдықтың символына айналған Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың ерлігі соған айқын дәлел.
Бүгінгі бейбіт заманда да әйелдер қоғам өмірінің барлық саласында – білім мен ғылымда, медицинада, мәдениетте, бизнесте, мемлекеттік басқаруда табысты еңбек етіп, ел дамуына зор үлес қосуда. Бұған қоса, әйел-аналар ұрпақ тәрбиесінің тізгінін берік ұстап келеді.
Өлкеміздің әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, отбасы бақытын, жарқын жетістіктер тілеймін, — деді облыс әкімі.
Салтанатты жиында түрлі сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.