Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды

Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жиын өтіп, күн тәртібіне өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындығы қойылды.

1 наурыздағы жағдай бойынша 9 метеорологиялық станция, 2 автоматтандырылған метеостанция, 12 гидрологиялық бекет және 3 агрометеорологиялық пункт арқылы гидрометеорологиялық ахуалға мониторинг жүргізілуде.

“Қазгидромет” РМК Атырау филиалының мәліметінше, облыс өзендері бассейніндегі ылғалдану деңгейі 47%-дан 67%-ға дейінгі аралықта, көрсеткіш қалыпты деңгейден төмен. Былтырғымен салыстырғанда жауын-шашын көлемі 51%-ға азайған. Алдын ала болжам бойынша Жылыой ауданындағы Жем өзенінің және Қызылқоға ауданындағы Сағыз өзенінің тасу қаупі төмен. Қауіп деңгейі төмен аумақтар қатарында Қызылқоға, Мақат, Индер, Махамбет, Исатай аудандары мен Атырау қаласы да бар.

Атырау қаласында, сондай-ақ Жылыой, Қызылқоға, Индер және Махамбет аудандарында 106,3 шақырымдық қорғаныс бөгеттері нығайтылды.

Бұдан бөлек, “Табиғат” КМК облыстағы 20 суару-суландыру арнасында (Алға, Сарыөзек, Нарын, Бақсай, 7-ауыл, Айсары, т.б.) және бір су торабында күрделі жөндеу, тазалау, арналарды кеңейту және жаға бекіту жұмыстарын жалғастыруда.

Жедел әрекет ету үшін 1668 жеке құрам қызметкері, 466 техника, 291 мотопомпа, 24 жүзу құралы және 3 тікұшақ дайындалды. Жанар-жағармай материалдары, инертті материалдар, қаптар, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары қоры жасақталды.

Жиын барысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов барлық мемлекеттік органның аудан әкімдіктерімен бірлескен іс-қимылын нығайтып, ақпарат алмасуды жеделдетуді, әрекеттерді үйлестіруді және гидрологиялық жағдайдағы ықтимал өзгерістерге уақытында ден қоюды тапсырды. Сонымен қатар жауапты қызметтерге қорғаныс бөгеттерінің жай-күйін тексеріп, олардың техникалық жарамдығы мен дайындығын кешенді зерделеу тапсырылды.