
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов “AMANAT” партиясының облыстық филиалы ғимаратында азаматтарды жеке қабылдады.
Аймақ басшысының қабылдауына 20 тұрғын келіп, бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық мәселелені алға тартты. Олардың сапында баспана кезегі, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау, денсаулық сақтау жүйесінің қызметі, жер телімдерін беру, экологиялық ахуал, сондай-ақ қоғамдық көлік қызметінің сапасына қатысты сауалдар бар.
“Өркен” шағынауданының тұрғындары кәріз жүйесін салу туралы мәселе көтерді. Ал “Энергетик-5” бау-бақша қоғамының өкілдері саяжай учаскелерінің инвентаризациясы жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған жол картасын іске асыру барысын түсіндіруді сұрады.
Сонымен қатар Құрманғазы ауданының Афанасьев елді мекеніндегі автокөлік жолдарының жағдайы мен инфрақұрылымды дамыту жайы да қаралды.
Серік Шәпкенов қабылдауда болған әр тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, мән-жайды қолданыстағы заңнамалар аясында түсіндірді. Өтініштердің кейбірі қабылдау кезінде оң шешімін тапты. Қосымша зерделеуді және жан-жақты қарауды қажет ететін мәселелер бақылауға алынып, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді.