
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Aqualia халықаралық испаниялық су компаниясы өкілдерін қабылдады. Кездесуде талқыланған негізгі тақырып - қала мен қала маңындағы аумақтарды сумен қамту, су тазарту және су бұру жүйелерін жаңғырту. Келіссөзге табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшылары қатысты.
Облыс әкімі су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне аймақта баса назар аударылатынын атап өтті.
– Атырауда кәріз, жауын-шашын мен қар суы мәселесі өзекті. Су - стратегиялық маңызы бар ресурс, сондықтан оны ұтымды әрі тиімді пайдалану, сондай-ақ суды үнемдеу мен тазартуда қолданылатын озық технологияларды енгізуге басымдық береміз, – деді С. Шәпкенов.
Aqualia өкілі Хосе Мигель Сантос компанияның Атырау облысымен ынтымақтастыққа қызығушылығы барын жеткізді.
– Біз бүгінде Батыс Қазақстан облысымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта техникалық зерттеу жұмыстары жүруде, енді қызметімізді Атырауда кеңейте түсуге мүдделіміз. Өз біліміміз бен тәжірибемізді қаладағы су жүйесінің тиімділігін арттыруға қолданғымыз келеді, – деді Х. Сантос.
Кездесу соңында қос тарап та ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, сумен жабдықтау мен су бұруға қатысты бірлескен жобалардың форматтарын одан әрі пысықтай түсуге уағдаласты.
Aqualia - әлемдегі ірі су инфрақұрылымы операторларының бірі. Компания Еуропа, Латын Америкасы, Солтүстік Африка және Батыс Азия елдерін қоса алғанда, 19 мемлекетте шамамен 45 миллион адамға қызмет көрсетеді.