Атырау облысында көктемгі дала жұмыстарына 780 ауыл шаруашылығы техникасы тартылады

Атырау облысында көктемгі дала жұмыстарына 780 ауыл шаруашылығы техникасы тартылады

Атырау облысы әкімінің төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Атырау облысының аграрлары көктемгі егін жұмыстарына қажетті материалдық-техникалық ресурстармен толық қамтамасыз етілген. Дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде.

2026 жылы жалпы егіс көлемі 10 150 гектарды құрайды. Оның ішінде картоп – 675 га, көкөніс дақылдары – 2 500 га, бақша дақылдары – 1 350 га, малға азық дақылдар – 5 625 га. Бүгінде 6 500 гектар жер жыртылып, жоспар 64 пайызы орындалған. Қалғаны мамырдың аяғына дейін өңделеді.

Тұқым және тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Егіс науқанына 1 916,1 тонна тұқымдық картоп, 3,68 тонна көкөніс дақылдары тұқымы, 2,83 тонна бақша дақылдары, 72,48 тонна мал азықтық дақылдар тұқымы дайындалды. Сонымен қатар 3 500 тонна минералды тыңайтқыш салу жоспарланған.

Көктемгі дала жұмыстарына 780 ауыл шаруашылығы техникасын тартылмақ. Оның ішінде 450 трактор, 330 ауыл шаруашылығы машинасы және суару сорғысы бар. 16 шаруа қожалығының өтінімі негізінде 98,5 тонна жеңілдетілген дизель отынына қажеттілік нақтыланды.

Өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да жалғасуда. Биыл бұл технологиялар 10 мың гектардан астам егіс алқабын қамтиды, бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда жоғары.