
Жыл басынан бері мұз үстіндегі қауіпсіздік ережесінің бұзылуына байланысты 9 жағдай тіркелді. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов брифинг барысында мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мұз үстінде автокөлікпен жүру дерегі 7 рет анықталды. Бұл құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
– Қараша айынан бері су айдындарында 412 рейд өткізілді. 5 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша 227 ескерту белгісі мен 14 ақпараттық баннер орнатылды. LED экрандар арқылы тұрғындарға «Абайлаңыз, мұз — жұқа!» тақырыбындағы бейнероликтер көрсетілуде, – деді Ж.Демешов.
Қазір ауа температурасының көтерілуіне байланысты өзендер мен су айдындарындағы мұз қабаты жұқара бастады. Осыған байланысты рейдтік және алдын алу шаралары күшейтілген.
– Жылыну кезеңінде мұздың беріктігі төмендейді. Сондықтан тұрғындарды жұқа мұздың үстіне шықпауға шақырамыз. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – адам өмірін сақтаудың басты шарты, – деді басқарма бастығы.