
Атырау қаласында «Jer ECO HUB» экологиялық жобасының бір жылдық қорытынды кеші өтті. Жоба аясында екі хакатон ұйымдастырылып, оған 173 жас қатысты. Қатысушылар арнайы оқу бағдарламасынан өтіп, өз жобаларын қорғады. Нәтижесінде 7 командаға қаржылай қолдау көрсетілді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шара «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен және «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағымен бірлесіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Жоба координаторы Асылханым Ахмурованың айтуынша, бір жыл ішінде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған экологиялық куиздер, сенбіліктер, қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған шеберлік сабақтары және деректі фильмдер көрсетілімі өткізілді. Бұл шараларға 200-ден астам адам қатысқан.
Ұсынылған жобалар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экосауттылықты арттыру, экобокстар орнату, заманауи жылыжай мен инновациялық зертхана ашу бағыттарын қамтыды.