Қоғамдық көліктер «Oñay» жүйесіне өтеді

Қоғамдық көліктер «Oñay» жүйесіне өтеді

Атырау қаласының әкімдігі мен қоғамдық көлікте жолақы төлеудің электронды жүйесін ұсынатын «Oñay» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінде бұл жүйе Алматы, Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш және Өскемен қалаларында сәтті жұмыс істеп келеді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Осы жылы Атырау қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен тиісті құжат алмасу жұмыстары мен келіссөздер жүргізіліп, «Oñay» компаниясының Атырау қаласында өз қызметін бастауына дайындық шаралары қолға алынды.

Осыған байланысты қала аумағындағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарының білім алушыларына «Oñay» картасын тегін беру мақсатында олардың деректері жиналуда.

Сонымен қатар қаладағы қоғамдық көліктердің бәріне «Oñay» валидаторлары орнатылады. Компания тарапынан қала орталығында карта сату пункттері мен қызмет көрсету орталығы ашу жоспарланып отыр.

«Oñay» мобильді қосымшасы арқылы ата-аналар баласының мектепке жеткен-жетпегенін бақылап отыра алады. Қала қонақтары үшін қосымша ішінде қажетті маршруттар мен жүру бағыттары көрсетіледі. Сондай-ақ платформа арқылы жолақыны алдын ала төлеу мүмкіндігі бар, бұл ретте жолақы бағасы өзгермейді.

Қосымшада автобустың бұзылып қалғаны немесе уақытша тоқтап тұрғаны туралы ақпарат көрсетіледі. Мұндай жағдайда соңғы аялдамада тұрған басқа автобус маршрут бойынша қозғалысты жалғастыра алады.

- Көзі нашар көретін жандар үшін қосымшадағы қаріп өлшемін үлкейту функциясы қарастырылған. Ал көзі мүлде көрмейтін азаматтар үшін дауыстап оқу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар қосымша арқылы бір автобустан екінші автобусқа дейінгі арақашықтықты және көлік қозғалысының нақты уақытын көруге болады,- деді «Смарт Атырау» КММ директоры Сартай Самат.

Бүгінде Атырау қаласында қоғамдық көліктер 18 бағытта қызмет көрсетуде. Жалпы алғанда 7 мекемеге тиесілі 300 техника 32 маршрут бойынша қатынайды.