Құрманғазы ауданында 2027 жылға дейін 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылады

Құрманғазы ауданында 2027 жылға дейін 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылады
2026–2027 жылдары ауданда жалпы құны 14,9 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар толық жүзеге асқан жағдайда 252 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы облыс басшысының орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен аудан әкімдіктерінің есеп беру жиынында Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов баяндады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
 
Жоспарланған инвестициялық жобалар қатарында сауда үйлерінің құрылысы, кемпингтер, қоғамдық тамақтану орындары, балық қабылдау цехы, жанармай құю стансалары мен жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандары бар. Сондай-ақ  Шортанбай балық зауытын жаңғырту жобасы ең ірі бастама ретінде аймақ экономикасына елеулі серпін бермек.
 
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратовтың айтуынша, былтыр ауданда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 33,2 млрд теңгені құрады.
 
⁃Өткен жылы аудан аумағында жалпы құны 348,3 млн теңгені құрайтын 17 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда туристік база, дүкендер, мейрамхана, кеңселер, өндірістік және сервистік бағыттағы нысандар іске қосылып, нәтижесінде жиырма бес адам тұрақты жұмыспен қамтылды, - деді А. Мұратов. 
 
Балық шаруашылығы саласында алты табиғат пайдаланушы тұрақты жұмыс атқаруда. Былтыр 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында белгіленген 5,3 мың тонна лимиттің 88 пайызы игеріліп, 4,6 мың тонна балық ауланды. Ауланған өнімнің негізгі бөлігі шет елдерге экспортталды. Күзгі балық аулау науқаны кезінде 900-ге жуық адам жұмыспен қамтылды.
 
Сонымен қатар балықтардың қырылу қаупі бар 125 су айдыны толық бақылауға алынып, жазғы кезеңде шамамен 70 млн дана шабақ құтқарылды.