Индер ауданында 39 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді

Индер ауданында 39 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді

Атырау облысы Индер ауданына қарасты Бөдене және Жарсуат ауылдарының тұрғындарына жаңа пәтердің кілттері салтанатты түрде табысталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қос ауылда өткен рәсімге қатысқан Индер ауданының әкімі Серік Нсанбаев жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық жүйені кешенді жаңғырту Үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын. Осыған орай облыс әкімінің қолдауымен ауданымызда тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. 2022 жылдан бері Индер ауданында апатты деп танылған үйлерден тұрғындарды көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бұл жолы жаңа баспаналар апатты деп танылған үш жатақхананың тұрғындарына берілді, – деді аудан әкімі.

Жаңа пәтерлер Бөдене ауылындағы Қ.Әбдіров көшесі мен Жарсуат ауылындағы Қ.Мурзин көшесінде орналасқан. Екі және үш бөлмелі баспаналар барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған.

Жаңа үйге қоныстанған тұрғындардың бірі Үміт Лұқпанова көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.

– Апатты үйден жайлы әрі кең пәтерге көшірген облыс және аудан басшылығына ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамыз. Қуанышымызда шек жоқ. Пәтер жарық, кең, өте ұнады, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Индер ауданында апатты деп танылған 112 пәтердің тұрғындары жаңа баспанамен қамтылған.