Атыраулық оқушылар балабақшаларға арналған цифрлық платформа әзірледі

Атыраулық оқушылар балабақшаларға арналған цифрлық платформа әзірледі

Атырау қаласында Atyrau Hub базасында жұмыс істейтін A-Pro Academy бағдарламалау мектебінің түлектері ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған цифрлық платформаны жасап шықты. Жоба қағазбастылықты азайтып, тәрбиешілердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жаңа платформа Kundelik.kz жүйесіне ұқсас, алайда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының талаптарына бейімделген. Мұнда тәрбиешілер оқу жоспарын бір айға немесе бір жылға алдын ала құрып, ал ата-аналар баласының даму барысын онлайн режимде бақылай алады.

Академияның негізін қалаушы Нұрлыбек Аталықовтың айтуынша, платформа A-Pro Group экожүйесі аясында іске асырылған. Жобаны A-Pro Studio бағытында білім алып жүрген мектеп оқушылары ойлап тапқан. Өнертапқыш команда Атырауда өткен Hackathon байқауында бірінші орынды иеленіп, Астана қаласында өткен республикалық кезеңге қатысқан. Қазір жоба одан әрі жетілдіру кезеңінде.

Алдағы уақытта платформаға балаларды тіркеу кезінде дауыстан тану технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе сабақ барысында оқушылардың белсенділігін автоматты түрде анықтап, бағалау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.