Исатай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 13,4 мың ағаш отырғызылды

Исатай ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 13,4 мың ағаш отырғызылды

Исатай ауданында экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 13,4 мың түп ағаш отырғызылып, құм көшкінінің алдын алу мақсатында 16 мың түп сексеуіл егілді.

Өткен жылы ауданда негізгі капиталға 30 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткішті 47,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 1600-ден астам субъект тіркелген, олардың 95 пайызы белсенді жұмыс істейді. Былтыр 11 жаңа кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 15 жаңа жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 23 жобаға 337,7 млн теңге несие берілді. Бұл ретте «Іскер», «Агробизнес» және «Даму» бағдарламаларының үлесі басым. Бұл туралы Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Өтегенов мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы саласында 380-нен астам шаруа қожалығы жұмыс істеп, аудан бойынша 116 мыңнан астам мал басы тіркелген. Нәтижесінде өндіріс көлемі артқан. Атап айтқанда, 6,3 мың тонна ет, 3,1 мың тонна сиыр сүті және 171 мың дана жұмыртқа өндірілді. Қысқы кезеңге 81 мың тоннадан астам мал азығы дайындалды. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал шаруашылығы дамып, жеті шаруашылықта 1500 басқа жуық ірі қара өсірілуде.