
Өткен жылы Махамбет ауданында ауыл шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасты. Ауданда 71 шаруашылық пен жеке сектор тарапынан жалпы 5 мың гектар жерге егін егілді, нәтижесінде 78 мың тоннадан астам өнім алынды.
Бұл туралы аймақ басшысының орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен аудан әкімдіктерінің есеп беру жиынында айтылды, - деп хабарлайды Өңірлік кокммуникациялар қызметі.
Егіс алқаптарының 218 гектарына картоп, 1000 гектарына көкөніс, 500 гектардан астамына бақша дақылдары, ал 3300 гектарына мал азықтық дақылдар орналастырылған.
Мал шаруашылығында да өсім бар. Ірі қара саны 19 мың бастан асты, жылқы 10,6 мың басқа жетті. Ет өндіру көлемі 3,4 мың тонна, сүт 5 мың тоннадан асты, ал жұмыртқа өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты.
Кәсіпкерлік саласында екі мыңға жуық субъект тіркеліп, олардың 94 пайызы белсенді жұмыс істеуде. Ауданда екі мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері 39 кәсіпкерге 612,3 млн теңге көлемінде несие берілген.
- Сондай-ақ былтыр ауданға тартылған инвестиция көлемі 46,8 млрд теңгені құрады. Жер қатынастары саласында 8 мың гектардан астам игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Суару-суландыру жүйелерін жаңғыртуға тиісті қаражат бөлініп, ондаған шақырым су арналары тазартылды, - деді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов.