Атырауда балабақшаға кезек 73 % қысқарды

Атырауда балабақшаға кезек 73 % қысқарды

Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өткен жылы пилоттық жоба аясында қаладағы 171 балабақша ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкенін мәлімдеді. Мектепке дейінгі ұйымдардың 47-сі мемлекеттік болса, 124-і жекеменшік, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгінде қала бойынша 38 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбие-біліммен қамтылған. Пилоттық жоба іске қосылғанға дейін кезекте тұрған балалар саны 17 211 болса, ваучерлік жүйені енгізу арқылы бұл көрсеткіш 4 652-ге дейін төмендеді. Нәтижесінде кезекте тұрған балалар саны 73 пайыз қысқарды.

– Ваучерлік қаржыландыру тетігі «INDIGO» цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылуда. Бұл жүйе балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау және жолдама беру үдерісін толық автоматтандырып, кезектілікті басқарудың ашықтығын қамтамасыз етті. Сонымен қатар балабақшаларға түсетін жүктемені тиімді бөлуге мүмкіндік берді. Жобаның нәтижесінде 3–6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз, ал 2–6 жасқа дейінгі балалар 93 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамтылып отыр,– деді облыс әкімінің орынбасары.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жалғасады. 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында облыс аудандарындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын да осы жүйеге көшіру жоспарлануда.