
Жаңа жыл қарсаңында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобалар іске асты.
Білім беру саласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Атырау қаласының Жұлдыз-3 шағынауданында және Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Ақсай-2 елдімекенінде екі жаңа мектеп ашылды. Әр мектеп бір ауысымда 900 оқушыға арналған, заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оқу орындарында STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, спорт залдары, кітапхана, акт залы, асхана және инклюзивті білім беруге қажетті барлық жағдай қарастырылған.
Бұл мектептер өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын азайтып, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласында Атырау қаласына қарасты Алмалы және Береке ауылдарында әрқайсысы 25 орындық жаңа дәрігерлік амбулаториялар іске қосылды. Нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге арналған және стандартқа сай 170 адамға бір учаскелік дәрігер бекітілген. Мұнда терапиялық қабылдау, жалпы практика дәрігерінің қызметі, профилактикалық тексерулер, жүкті әйелдер мен балаларды бақылау, вакцинация және жедел жағдайларда алғашқы көмек көрсету ұйымдастырылған. Амбулаториялар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар Құрманғазы ауданына қарасты Афанасьев бекетінде жаңа медициналық пункт (ФАП) ашылды. Аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан бұл бекетте 208 тұрғын бар. Жаңа ФАП осы елді мекеннің халқын дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмекпен толық қамтып, шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында облыс бойынша барлығы 5 медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының денсаулығын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы саналады.