Атырауда жедел жәрдем қызметінің автопаркі жаңа көліктермен толықты

Атырауда жедел жәрдем қызметінің автопаркі жаңа көліктермен толықты

Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына Теңізшевройл компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25 санитарлық автокөлік табысталды.

Салтанатты рәсімге Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, “Теңізшевройл” ЖШС басшылығының қолдауына ризашылығын білдірді.

— Жаңа жыл қарсаңында маңызды әлеуметтік бастама жүзеге асырылып отыр. Ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде өңірдегі ірі кен орнының бірі жедел жәрдем қызметіне автокөліктер алып берді. Бұл халыққа көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Келесі жылы үш посты бар заманауи жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл да медициналық қызмет сапасын жетілдіру жолындағы кезекті қадам болмақ, — деді облыс әкімі Серік Шапкенов.

Жедел жәрдем қызметінің автопаркіне JAC базасындағы “А” санатты 10 санитарлық көлік және GAZelle Next базасындағы “В”санатты 15 автокөлік берілді. Барлығы да алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен толық жарақталған.

Облыста тәулік бойы 48 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, олардың қатарында бір реанимациялық-интенсивті, бір педиатриялық және 46 фельдшерлік бригада бар.
2025 жылғы 11 айда “103” қызметіне 329 610 шақырту түскен. 17 мыңнан астам тұрғынға телефон арқылы кеңес беріліп, барлығы 299 906 науқасқа жедел жәрдем көрсетілген.