
Атырауда спорт және туризм саласының үздіктерін марапаттауға арналған қорытынды іс-шара өтті. “Жыл үздігі – 2025” салтанатты рәсімінде аймақтың дамуына елеулі үлес қосып, жыл қорытындысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар, жаттықтырушылар мен туристік сала қызметкерлеріне құрмет көрметілді.
Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, спорт пен туризм салалары мемлекеттің айрықша назарында екенін атап өтті. Аймақ басшысы өз сөзінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл өңірде спортты дамыту бағытында айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Спорт инфрақұрылымы біршама кеңейіп, бүгінде халықты спорт нысандарымен қамту деңгейі 71 пайызға жетті. Бір жылда 11 спорт кешені мен 50 спорт алаңы пайдалануға берілді, ал келесі жылы тағы 22 нысан ашылады деп жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырауда халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар ірі жоба іске асырыла бастайды. Облыстың туристік әлеуетін дамыту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде, өлкемізге келетін шетелдік қонақтар саны жылдан жылға артып келеді. Бастауын алар жыл жаңа табыс, жаңа жетістіктерімен қуантып, спортшыларымыз үшін де, тұтас аймақ үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдемін, – деді облыс басшысы.
Жыл қорытындысы бойынша әлемдік және Азия елдері деңгейіндегі жарыстарда жоғары нәтижеге көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушылар, сондай-ақ туристік индустрияны дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ Дене шынықтыру және спорт істері комитеті, Туристік индустрия комитеті төрағалары мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Салтанатты кештің негізгі бөлімінде “Жыл үздігі – 2025” номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды:
* “Жылдың үздік сурдоспортшысы” — Ерсін Болатов
* “Олимпиадалық спорт түрлері бойынша жылдың үздік спортшысы” — Дана Абдирова
* “Үздік параспортшы”— Альфия Тілекқабыл
* “Жылдың үздік командасы” — параволейбол командасы
* “Жыл серпілісі” — Інжу Жұмажан
* “Ұлттық спорт түрлері бойынша жылдың үздік спортшысы” — Аружан Жандарбай
* “Олимпиадалық спорт түрлерінен жылдың үздік жас спортшысы” — Роллан Қайырғали
* “Үздік жасөспірім спортшы” – Жанайбек Шамұратов
* “Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жылдың үздік спортшысы” — Ерұлан Қабдулов
* “Олимпиадалық спорт түрлері бойынша жыл жаттықтырушысы” — дзюдошы Дана Абдированы жеке жаттықтыратын Жасұлан Зиннуллаев
* “Параспорт түрлерінен үздік жаттықтырушы» – Наран Ешібаев
* “Олимпиадалық спорт түрлерінен жыл жаттықтырушысы” — Самат Жағыпаров
* “Ұлттық спорт түрлерінен жыл жаттықтырушысы” — Диас Миллат.
Бұдан бөлек, “Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы” АҚ-ның “Сапа белгісі” бағдарламасында белгіленген талаптарға сай келетін бірқатар бизнес нысаны “САПА” айрықша белгісімен марапатталды.