Атырау облысында 2021–2025 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметін алған 500-ге жуық әйел ана бақытына кенелді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі нәтижесінде ЭКҰ арқылы босанған әйелдер саны тұрақты динамиканы көрсетті. Атап айтқанда, 2021 жылы – 154, 2022 жылы – 131, 2023 жылы – 98, 2024 жылы 84 әйел ана атанды.
⁃Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша ЭКҰ процедурасынан өткен 44 әйелде жүктілік тіркелді. Қазір осы жылы бағдарламаға енгізілгендердің көпшілігі дәрігерлердің тұрақты бақылауымен емдеу мен оңалту кезеңінен өтуде. Бұл көрсеткіштер өңірде репродуктивті денсаулықты жүйелі қолдау, отбасы институтын нығайту және «Аңсаған сәби» бағдарламасын табысты іске асырудың нақты әрі жарқын нәтижесін айқын көрсетеді, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрай Махонова.