
Салтанатты іс-шараға қатысқан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңір экономикасының дамуына үлес қосып жүрген іскер қауымға алғыс білдірді.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті мемлекетіміздің ең басты тіректерінің бірі ретінде атап келеді. Сіздердің еңбектеріңіз бір жағынан халықты тұрақты жұмыспен қамтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасаса, екінші жағынан өңір экономикасының дамуына серпін беріп отыр. Бүгінде аймақта 68 мың бизнес субъектісі жұмыс істеп, 2,4 трлн теңгенің өнімін өндіріп, 140 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – өңір экономикасын нығайтуға қосылып жатқан елеулі үлес. Президент тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетілуде. Бүгінде 12 млрд теңгеден астам қаржы көлемінде кәсіпкерлік жобалар қолдау тапты, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, — деді облыс әкімі С. Шәпкенов.
Биыл байқауға Атырау облысы бойынша 150-ден астам өтінім түсіп, жеңімпаздар мен лауреаттар 11 номинация бойынша анықталды.
— «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы — әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асырып жүрген «Social» жеке кәсіпкерлігінің иесі Райымбек Тұрланбеков;
— «Үздік жас көшбасшы» номинациясы бойынша өндірістік жобаларымен ерекшеленген «EDYGE» ЖШС басшысы Едіге Кенжинов жеңімпаз атанды;
— «Отбасылық бизнес» номинациясында осы саланы дамытуда аянбай еңбек еткен «Нұр-Ай» кемпингінің иесі Құралай Жалғасбаева үздік деп танылды;
— «Сауда саласының үздігі» аталымы бойынша өңірдегі ірі сауда нысандарының бірін басқарып отырған «Infinity Mall» сауда-ойын-сауық орталығының директоры Айнур Буралкинова жеңімпаз болды;
— «Қызмет саласының үздігі» номинациясы кәсіби сервистік қызмет көрсетіп жүрген «MM Project» ЖШС басшысы Рүстем Қабдолға табысталды;
— «Үздік өндіруші» номинациясында отандық өндірісті дамытуға үлес қосқан «Касхим» ЖШС басшысы Этибар Маммадов жеңіске жетті;
— «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» аталымы әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында табысты жұмыс жүргізіп отырған «Тілашар» жеке кәсіпкерлігінің иесі Гүлзираш Бақтыгерейге бұйырды;
— «Үздік кәсіпкер әйел» номинациясының жеңімпазы — ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген «Сандуғаш» шаруа қожалығының иесі Сандуғаш Жармұхамбетова;
— «Бизнестану – Әлия» номинациясы іскер әйелдер арасында үздік деп танылған жеке кәсіпкер Бибігүл Жұбаеваға табысталды;
— «Үздік жұмыс беруші» аталымында жаңа жұмыс орындарын құруда және әлеуметтік жауапкершілігімен ерекшеленген «Ярмарка» сауда желісінің басшысы Қайрат Карчигин жеңімпаз атанды.
Ал байқаудың басты жүлдесі — 2025 жылдың «Жыл кәсіпкері» атағы өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан «TEXOL Group» ЖШС-нің басшысы Шота Абхазаваға табысталды.