Атырауда Экология департаментінің жаңғыртылған ғимараты ашылды

Атырауда Экология департаментінің жаңғыртылған ғимараты ашылды
Нысанды күрделі жөндеу жұмыстары облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде, соның ішінде өндірілген экологиялық айыппұлдар есебінен атқарылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, мекеменің маңыздылығына тоқталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
 
 
Мұндағы зертханалар толықтай заманауи аналитикалық құрылғылармен жабдықталған. Бұл экологиялық мониторинг сапасын арттыруға, ауа, топырақ және су құрамын жоғары дәлдікпен әрі жедел зерттеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек нысан ішінде ас үй мен демалыс бөлмесі қарастырылған. Бұл төтенше жағдай кезінде мамандардың үздіксіз жұмысы барысында ыңғайлы болуы үшін жасалынған. Департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің балансындағы жылжымалы мобильді зертхана да жаңартылды.
 
⁃Жаңа ғимараттағы қолайлы жұмыс жағдайлары мен заманауи жабдықтар экологиялық сараптамаларды бұрынғыдан да жылдам әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Бұл экологиялық заңбұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету мен жедел шара қабылдауға жол ашады,– деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
 
1978 жылы салынған департамент ғимараты былтыр толық реконструкциялауға тапсырылып, құрылыс жұмыстары 2025 жылдың желтоқсанында аяқталды. Жаңғырту жұмыстары аясында департаменттің барлық негізгі материалдық-техникалық базасы жаңартылды.