Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданының тұрғындарымен кездесті

Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданының тұрғындарымен кездесті

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Сүйіндік ауылында Құрманғазы ауданының халқымен кездесіп, өңірдің даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар жайында баяндады.

Тұрғын үй және жер мәселесі

Кадырка ауылында NCOC компаниясының демеушілігімен 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқтала келді. Әлеуметтік осал топтағы 107 азаматқа пәтер сатып алынып, оның бірнешеуі пайдалануға берілді. Құрманғазы ауылындағы үш апатты үйдің тұрғындары толық көшірілді, келесі кезекте тағы 3 үй көшіріледі. Шипажай және Орлы елді мекендерінде 300-ден астам жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым желілері тартылуда, кейін бұл учаскелер жер кезегінде тұрғандарға беріледі.

Коммуналдық инфрақұрылым және сумен қамту


Көптоғай, Ақкөл, Лазо ауылдарында электр желілері жаңартылып, көшелер жарықтандырылды. Бүгінде трансформаторлар, бағаналар мен желілер алмастырылуда. Бөкейхан мен Кудряшов ауылдарында су тазарту имараттары қайта жаңғыртылуда, бұл 3 мың тұрғынды таза сумен қамтуға мүмкіндік береді. Тағы он бір ауылда жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда, құрылыс 2026 жылы басталады.

Жол және көлік


“Құрманғазы – Теңіз – Бірлік” жолын күрделі жөндеу жалғасуда, негізгі бөлігіне жаңа жабынды төселді. 43 шақырымдық “Ақкөл – Ғ.Әліпов – Жыланды – 4-разъезд – Қиғаш” жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға таяу; кірме және ауылішілік жолдар салынуда. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап “Атырау – Құрманғазы – Атырау” бағытында 6 автобус қатынайды. Ақкөлде заманауи теміржол вокзалы салынып жатыр.

Қауіпсіздік және медицина

Ауданда 400 бейнекамера орнатылуда, олардың қатарында жылдамдықты анықтайтын 44 камера бар. Құрылғылар 2026 жылы іске қосылады. Бөкейхан және Сүйіндік ауылдарында өрт деполары ашылды. Он ауылда жаңа медпункт пен амбулатория ашылып, 7 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Аудандық ауруханада МРТ корпусын салынуда және стационар бөлімі мен зертхана жөнделуде. Құрманғазыда жаңартылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды.

Білім, кәсіпкерлік, мәдениет және спорт


Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық екі мектеп салынуда. Сегіз мектеп реновациядан өтеді және Жасталапта балалар лагері салынады. Шалғай ауылдардағы мектептерді спутниктік интернетке қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Жыл басынан бері жаңадан 7 кәсіпкерлік нысаны іске қосылды. Балық зауыты, балық қабылдау цехы, кемпинг жобалары іске асып, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Төрт ауылда мәдениет үйі бой көтерді. Бірнеше елді мекенде спорт кешендері салынуда, жаңа спорт алаңдары пайдалануға берілді.

Тұрғындар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару және бөлу мәселесін көтерді. Әкім жерді тиімді пайдалануға қатысты қағидаттарда өзгеріс жоғын, игерілмеген учаскелер мемлекетке қайтарылып, кейін еңбек етуге дайын азаматтарға берілетінін атап өтті.

Кездесуден кейін облыс әкімі жеке қабылдау өткізді.