Атырау облысында 100-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр

Атырау облысында 100-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр

Атырау облысында биыл әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, тұрғын үй және ауыл шаруашылығы салалары бойынша жалпы 100-ден астам нысанның құрылысы қолға алынған.

Аймақта 27 жаңа мектеп, денсаулық сақтау саласында 30-ға жуық медициналық нысан және 27 спорт кешені салынуда. Сонымен қатар үш өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде.

— Қазір 5 550 орындық 27 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары және бірнеше балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Медициналық нысандар қатарында аудандық ауруханаға жапсаржай салу және дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пункттер бар. Бұдан бөлек спорт кешендері, мәдениет үйлері, ауылдық жерлердегі инфрақұрылым нысандары бой көтеруде. Барлық жобалар 2025–2026 жылдары кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп, өңір халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған, — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дархан Тілепберген.

Биыл облыста 753,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар ірі жобалардың бірі — 12 мың орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану мұражайының құрылысы басталды. Бұдан бөлек екі өрт сөндіру депосы, үш ішкі істер ғимараты және бес шекара бөлімшесінің қоршауларына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.