
Облыстық Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының басшылары арасындағы дәстүрлі «Director`s CUP» республикалық дебат турнирі өтуде,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бесінші мәрте өткізіліп жатқан іс-шараның мақсаты — білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби көшбасшылық әлеуетін арттырып, басқарушылық құзыреттерін дамыту және зияткерлік мүмкіндіктерді кеңейту.
- Дебат үш күнге созылады. Екінші күні жалпы бағыт, негізгі ойындар ойналса, үшінші күні қатысушыларға өңіріміздегі мектептердің тәжірибесін көрсетеміз. Кейін куиз ұйымдастырылып, финалдық ойындарды өткізетін боламыз ,- деді әдістемелік орталықтың басшысы Досжан Болатбекұлы.
Дебатқа еліміздің 12 өңірінен келген 24 мектеп басшыларынан құралған он екі команда қатысуда. Сонымен қатар бес жылдыққа осыған дейін жеңімпаз атанғандар арнайы қонақ ретінде шақыртылған.
- Республикалық дебатқа осыған дейін екі рет қатысып, жеңіске жетіп, үздік спикер атандым. Биыл өте маңызды 8 тақырып берілген. Ақмола облысының командасын дайындап, жетекшілік еттім. Бүгінгі ойында тақырыптар толық ашылып, өзімізге жаңа ой түйеміз деген үміттеміз,- деді 2024 жылдың “Үздік спикері” Мейрамбек Рақымжанов.
Қатысушылар америкалық парламенттік Линкольн-Дуглас форматында пікірсайысқа түседі. Жеңімпаздар 5 желтоқсанда анықталмақ.