Өңірдегі өнеркәсіптік жобалардың жүзеге асуы Үкімет отырысында айтылды

Өңірдегі өнеркәсіптік жобалардың жүзеге асуы Үкімет отырысында айтылды

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуы туралы баяндады, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

2025 жылдың қаңтар–қазан айларында өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 100,9% өсті. Өңірде полипропиленді терең өңдеу, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі бағыттары белсенді түрде қарқын алып келеді.

Машина жасау саласында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Соның бірі – Texol компаниясының жүк вагондарын жасау өндірісі. Сонымен қатар локализациялау аясында Kazturborenovt, Atyrau Oil Service сынды компаниялар да ірі якорлық жобаларды іске асыруға үлес қосып отыр.

– Агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл өңірді азық-түлікпен қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аймақта Emerson, Schneider Electric, WIKA, Beruseal сияқты әлемге танымал брендтердің өндірістік цехтары толық локализациядан өтті. Жыл соңына дейін тағы 9 халықаралық компанияны іске қосу жоспарланып отыр, – деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар Қытайдан инвестор тарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Индустриялық мақсаттағы арнайы аймақ құрылып, онда Қытайдың төрт компаниясы жұмыс істеп жатыр. Аумағында арматура зауыты, Svine зауыты және газ-поршенді электр станциясының құрылысы жүргізілуде.

Премьер-Министр О. Бектеновтың тапсырмасымен құрылған индустриялық аймақ ірі якорлық жобаларды локализациялауға, сондай-ақ ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге елеулі серпін береді деп күтілуде.