Шалғайдағы 14 ауыл спутниктік интернетке қосылды

Шалғайдағы 14 ауыл спутниктік интернетке қосылды

Атырау облысында мемлекеттік басқаруды цифрландыру және IT-жобаларды дамыту аясында «Jusan Mobile» АҚ-пен бірлесіп шалғайдағы елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «OneWeb» спутниктік технологиясы енгізілді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нәтижесінде интернетке қосылған елдімекендер саны 132-ден 146-ға жеткен.

-Былтыр бірқатар аймақтың интернет сапасы жақсарып, биыл Исатай, Құрманғазы, Индер, Қызылқоға, Жылыой және Махамбет аудандарындағы 14 ауыл спутниктік интернетке қосылды, -, - деді облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасы бөлімінің бас маманы Рауан Рыскалиев.

Қазір облыс бойынша 5G технологиясымен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін 133 базалық станция жұмыс істеп тұр. Оның 110-ы Атырау қаласында, 20-сы Құлсарыда қалған үшеуі Теңіз вахталық кентінде орнатылған.

Интернеттің тартылуы ауыл тұрғындарына білім беру, медицина салаларында сапалы қызмет көрсетуге, мәдени шараларды ұйымдастыруға, қашықтан жұмыс істеуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берді.