Атырауда ваучерлік жүйе енгізілгелі балабақша кезегі үш есеге қысқарды

Атырауда ваучерлік жүйе енгізілгелі балабақша кезегі үш есеге қысқарды

Атырау қаласында ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы жүзеге асуда. Жобаға 171 балабақша – 47 мемлекеттік және 124 жекеменшік ұйым қатысып жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ваучерлік жүйе енгізілгеннен кейін 1–6 жас аралығындағы балалар кезегі 17 211-ден 6 381-ге дейін қысқарған. Ал 2–6 жас санатында 140 бала ғана кезекте тұр.

Атырау облысы Білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Жұмабаеваның айтуынша, қабылдау және жолдама беру процесі толықтай INDIGO платформасы арқылы цифрландырылған.

«Бұл жүйе кезектіліктің ашықтығын қамтамасыз етіп, балабақшалар арасындағы жүктемені тиімді бөлуге мүмкіндік берді. Кезекті азайту мақсатында 970 орындық алты жаңа балабақша салынды. Сонымен бірге жекеменшік 13 балабақшада 841 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді», – деді ол.

Анықтама үшін: шілдеден бері қала бойынша 31 325 ваучер берілген. Нәтижесінде 6 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаға орналастырылды. Сонымен қатар 11 мың ваучердің мерзімі өткен, 978-і ата-аналар тарапынан кері қайтарылған, ал тағы 13 мыңға жуығы жойылған. Қазір 91 ваучер ата-аналардың растауында, 157 бала қабылдауды, 244 ата-ана балабақша таңдауды күтіп отыр. Еске салайық, ваучерлер 2 жастан асқан балаларға беріледі.