Атырауда алғаш рет әкелер мен ұлдар марафоны өтті

Атырауда алғаш рет әкелер мен ұлдар марафоны өтті

Атырауда Облыстық білім беру басқармасының «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасы аясында алғаш рет әкелер мен ұлдар арасында жүгіру марафоны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Шараға барлығы 500 әке мен бала қатысты.

Жарысқа қатысушылар №38 орта мектептің алаңынан бастап, үш және бес шақырымдық қашықтықтарда жүгірді. Марафонның жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Сонымен қатар барлық қатысушыларға медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Марафонның жеңімпаздары — әкелі-балалы Еркебұлан Аташов пен «Достық» мектебінің 11-сынып оқушысы Николай Дінмұхаммед. Олар спортпен тұрақты түрде айналысатынын және күн сайын жүгіруді дағдыға айналдырғандарын айтты.

-Өзім 2021, ал ұлым 2023 жылдан бері марафондарға қатысып жүрміз. Облыстық және республикалық жарыстарға жиі барамыз. Бұл сайыс туралы әлеуметтік желіден білдік. Шара өте жоғары деңгейде өтті», — деді Е. Аташов.

Айта кетейік, Еркебұлан Аташов биыл қазан айында Үндістанда өткен Азия чемпионатында 800 және 1500 метр қашықтықтарда жүгіріп, күміс және қола медаль жеңіп алған.