
Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Кәсіби мерекелеріңіз — ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Атырау облысында агроөнеркәсіп кешені жыл сайын дамып, жаңа жобалар іске асуда. Бұл – өз ісіне адал азаматтардың ортақ табысы, - деді М. Мурзиев.
Салтанатты жиында сала қызметкерлері мен ардагерлері ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен, «Еңбек ардагері», «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасы» және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтың Алғыс хатымен марапатталды.ҚР Премьер-министрінің алғыс хатын алғандардың бірі — Мақат ауданындағы «Батиқа» шаруа қожалығының басшысы Балтагүл Едігеева. Жеке кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп жүргеніне 15 жылға жуық уақыт болған.
- 1995 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысып, 2013 жылы ауыл шаруашылығы саласына бет бұрдым. Бүгін осы бағыттағы еңбегімнің ақталған күні. Салаға қосып жүрген еңбегімді бағалап, алғысқа бөлеп жатқан басшылыққа ризашылық білдіремін,- деді Б. Едігеева.
Айта кетейік, 2025 жылдың 10 айы бойынша облыстағы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 116,8 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,6% артық.