
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында аграрлық сала үздіктеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің N1091 Жарлығы негізінде Тасшағыл өндірістік кооперативінің төрағасы, ауыл шаруашылығында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұйымдастырушы Оңғар Жанықұлов “Құрмет” орденімен марапатталды.
Ол зоотехник, шаруашылық жетекшісі қызметтерін атқарған. 1996 жылдан бастап Тасшағыл өндірістік кооперативіне жетекшілік етіп келеді. Салалық, мемлекеттік-қоғамдық марапаттардың иегері.
“Құрмет“ орденінің тағы бір иегері — “Етті-майлы қой шаруашылығы республикалық палатасы”Атырау облысы бойынша өкілі, ардагер, Еңбек сіңірген ғалым-зоотехник, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты және докторы Қосыбек Салтанатұлы Ырзағалиев. Ол 100-ден астам ғылыми мақала мен бірнеше монографияның авторы, ұзақ жыл облыстың салалық құрылымдарында басшылықта болған. Еділбай тұқымын селекциялау және өңірде мал шаруашылығы өнімдерін арттыруға қосқан үлесі зор.
Сала ардагері Аманғали Жаңабаев III дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденінің иегері атанды. Қызылқоғалық азамат бала кезінен ата кәсіп — мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ұзақ жыл шопан және түйеші болып еңбек етіп, бірнеше рет аудан бойынша түйе өсіруден жеңімпаз атанған. Ірі қара, қой-ешкі, жылқы және түйе өсіруде табысты еңбек етіп келе жатқан “Құрман” шаруа қожалығының негізін қалаушы және иесі.
Еңбек ардагері, ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Индер ауданында 50 жылдан астам тер төккен Мұхит Шайдолла да III дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденіне лайық деп танылды. Ол зоотехник және селекционерден совхоз директорына дейінгі еңбек жолын еңсеріп, қой, Қаракөл қой шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосты, ауыл шаруашылығының түрлі саласына жетекшілік етті. Бүгінде “Ақсай”шаруа қожалығын басқарады.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен ардагерлерінің өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесіне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Аймақ басшысы саладағы жетістіктер ауыл-аймақтың тұрақты дамуына кепіл болып отырған жергілікті мамандардың күнделікті еңбегінің жемісі екенін де ерекше атап өтті.