
Атырауда Газ сепарациялық кешен (ГСК) жобасы шеңберінде жергілікті қамтуды дамытуға арналған форум өтті. “KMG PetroChem” ЖШС Tecnimont, Consolidated Contractors Company (CCIC) және PetroCouncil салалық қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырған шараға отандық өндірушілер, жеткізушілер, мемлекеттік органдар мен салалық бірлестіктерден 400-дей адам қатысты.
Бір күн бұрын кешеннің алғашқы қадасы қағылып, жобаны іске асырудың белсенді фазасы ресми түрде бастау алған еді.
Атырау облысы еліміздің негізгі мұнай-газ және мұнай-химия орталығы ретінде ірі индустриялық жобалардың сәтті жүзеге асуына жағдай жасап, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп келеді.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов:
-Атырау облысында бірқатар стратегиялық маңызды жоба іске асты. Олардың қатарында Теңіз кен орнындағы зауыт, Теңізшевройлдың Болашақ кеңейту жобасы және басқалары бар. Бұған отандық компаниялар, ең алдымен атыраулық кәсіпорындар белсенді атсалысқанын атап айтпақпын. Бұл біздің біліміміз бен білігіміздің, тәжірибеміздің жоғары деңгейдегі жұмыстарды орындауға жеткілікті екенін дәлелдейді. Президенттің тапсырмасы негізінде алдымызда тұрған нақты міндет бар, ол – қазақстандық қамтуды арттыру. Сондықтан жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейте отырып, алға ілгерілеуіміз керек. Қазақстанда шығарылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметер газ сепарациялық кешен жобасында барынша пайдаланылуы тиіс. Біз әрдайым осы қағиданы ұстанамыз және қолдаймыз,- деді.
Жобаның негізгі басымдығының бірі – жергілікті қамтуды дамыту. Құрылыс жұмыстарының нағыз қызған шағында (2026–2027 жж.) 3 500-ге дейін уақытша жұмыс орны ашылмақ. Мердігер EPC-шарт аясында құрылыс-монтаж жұмыстарындағы қазақстандық қамтуды 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, ал негізгі субмердігерлер ретінде отандық компаниялар тартылмақ.
“KMG PetroChem” ЖШС басқарма төрағасы Диаз Диянов қазақстандық компаниялардың қатысу үлесін арттыру стратегиялық міндет екенін атап өтіп, мердігерлер мен нарықтың тікелей диалогы маңызды екенін жеткізді. Форум барысында CCIC жергілікті кәсіпорындармен қадалар мен инертті материалдарды жеткізу, уақытша жұмыстарды орындау, металл конструкцияларын дайындау және жобалау-қадағалау қызметтерін көрсету салаларында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Форум алаңы инвесторлар, EPC-мердігерлер мен отандық бизнес арасындағы жүйелі диалогтың жалғасы болды. ГСК жобасы “Теңізшевройл” ЖШС-імен өзара ынтымақтастықта, Атырау облысы әкімдігінің және KazService, “Атамекен”, KazEnergy, IMBC және PetroCouncil салалық бірлестіктерінің қолдауымен жүзеге асырылады.