Халық қатысатын бюджет: Атырауда 44 нысанда ойын және спорт алаңдары салынуда

Халық қатысатын бюджет: Атырауда 44 нысанда ойын және спорт алаңдары салынуда

Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 44 аумақта жаңа ойын және спорт алаңдарын, сондай-ақ кіші футбол алаңдарын салу жұмыстары жүруде. Бұл туралы қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дулат Қуанғали мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Жоба аясында Азаттық пен М.Қазырет көшелері, Еркінқала 1–2, Авангард шағынауданы, Владимирский және Абай көшелері, Алмалы ауылдық округі және тағы басқа аудандар қамтылды. Қазіргі уақытта жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Алаңдар халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталуда. Кіші футбол алаңдарына жасанды көгал төселіп, қауіпсіздік қоршаулары орнатылады. Сондай-ақ түнгі уақытта ойнауға мүмкіндік беретін жарық шамдары, шағын қақпалар және белгіленген ойын аймақтары қарастырылған, – деді Д.Қуанғали.

Бұдан бөлек «Балалар ойын және спорт алаңдарын жаңарту» жобасы аясында Атырау қаласының 40 мекенжайында балалар ойын алаңдары мен ашық спорттық жаттығу алаңдары салынуда. Қазіргі уақытта резеңке қабат төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, аталған нысандардың барлығы жыл соңына дейін халық игілігіне пайдалануға беріледі.