Атырау облысында Газ сепарациялық кешеннің (ГСК) алғашқы қадасы қағылды

Атырау облысында Газ сепарациялық кешеннің (ГСК) алғашқы қадасы қағылды

Бүгін Теңіз кен орнының өндірістік-техникалық алаңында алғашқы қада қағу рәсімі өтті. Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асырып жатыр.

Қуаты жылына 9,1 млрд м³ құрғақ газ өңдеуге жететін Газ сепарациялау кешенінің құрылысы – еліміздің газ-химия өнеркәсібін дамытудың маңызды кезеңі болып табылады және саланың ұзақ мерзімді өсуіне негіз қалайды.

Жоба, ең алдымен, полиэтилен өндіретін «Силлено» ЖШС зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар кешен жылына 360 мың тоннаға дейін пропан өндіреді. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін құрғақ тазартылған газдан бөлініп алынады.

Жалпы, нысан құрылысы аясында саны 22 мыңға дейін қада қағу жоспарланған. Барлық қада қазақстандық өндірушілерден сатып алынады. Жоба шеңберінде отандық кәсіпорындар шығаратын өнім ауқымды көлемде пайдаланылмақ: 1 млн 193 мың м³ инертті материал, 27 мың тоннадан астам металл конструкциялар, сондай-ақ негізгі электр-техникалық жабдықтар (7 модульдік қосалқы станция, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы) және ірі технологиялық жабдықтар – пропан сақтауға арналған көлденең буллиттер мен 4 ірі колонна.

Газ сепарациялау кешенінің іске қосылуы тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған мұнай-газ химиясы кластерін және өңделген өнім экспортын дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге сәйкес келеді.

Жоба шеңберінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше назар аударылады. Құрылыс кезеңінің ең қарқынды сәтінде 3 500-ге дейін уақытша жұмыс орны, сондай- ақ 400 жұмыс орны құрылады. Кешенді іске қосу 2028 жылдың соңына, ал толық пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.

Кешеннің негізгі технологиясы – сұйытылған көмірсутек газдарын өңдеу және фракциялау саласында әлемдік жетекші Honeywell UOP компаниясының технологиялық шешімдері.